МАСҒҰТ

Я, алла,құрметiңе достың Махмут!,

Тiлге яр бер, берiлсiн туғры мақсұт.

Арун-Рашид халифа заманында

Бағдатта бiр жiгiт бар аты, Масғұт.

Шаћардан бiр күн Масғұт шықты тысқа,

Барды да кезi келiп бiр жұмысқа?

Бiр ұры бассап тонап жатқан жерде

Кез болды бiр бишара шал байғұсқа.

Шал байғұс айғайлады аттан салып,

Айырып алған жан жоқ оны барып.

Кiм де болса бiр ерлiк қылайын деп,

Масғұт ұшты ұрыға оңдайланып.

Масғұтты ұры шапты қылышпенен,

Тәуiр-ақ жан сақтапты жұмыспенен.

Есен-аман шал-дағы құтылыпты,

Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен.

Масғұтқа келдi әлгi шал көзiн тiктеп,

Көрсе, бастан ағып тұр қан дiрдектеп.

Мұның қарызын мен де өтеп кетейiншi,

Жiгiт қой ер көкiрек, жау жүрек деп:

Ей, жiгiт, не қылсаң да, ер екенсiң,

Көргейсiң ерлiгiңнiң берекесiн.

Себеп боп менi ажалдан сен айырдың,

Маған қылған қарызыңды алла өтесiн!

Бай емен, батыр емен, хан емеспiн,

Атақты артық туған жан емеспiн.

Себеп болып айырдың менi ажалдан,

Жақсылықты бiлмейтiн шал емеспiн.

Мен — бiр шал дүниеде жићан кезген,

Ертең түсте кетемiн шаћарыңыздан.

Ертерек пәлен жерден тосып тұрып,

Алып қал бiр базарлық, жаным, бiзден.

Пұл үшiн қызықпассың, сен де — бiр ер,

Сенi маған кез қылған пәруардигер.

Бiр құданың хақы үшiн мен тiлеймiн,

Қабыл көр, сертiм үшiн қолыңды бер!

Ұрыға жiбермедiм мен намысты,

Кiм бұлдар мұндай-мұндай қылған iстi.

Алла хақы деген соң амал да жоқ,

Барайын деп уәде етiп қол қағысты.

Ол жерге ерте тұрып жiгiт барды,

Шал да душар алдынан бола қалды.

Қолынан ұстап алып, ертiп барып,

Далада бiр бұзылған тамға апарды.

Барса тамға бiр гүл тұр солқылдаған,

Басында үш жемiс бар былқылдаған:

Бiрi — ақ, бiрi — қызыл, бiрi — сары,

— Таңдап ал мен берейiн бiрiн саған.

Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сарыны алсаң, дәулетiң судай тасар,

Егер де қызыл жемiс алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар.

Ол жiгiт шал сөзiне құлақ салды,

Көзiн төмен жiберiп, аз ойланды.

Ақ пен сары екеуiн алмаймын деп.

Қызыл жемiс жеймiн деп қолқа салды.

Мен беремiн, танбаймын айта тұра,

Өкiнбесең түбiнде жүре-бара,

Ақ пен сары екеуiн алмағаның

Мәнiсiн айтсаң екен, жаным, сiрә.

Мен болсам, егер, ағын жемек дедiм,

Ақылды болдым елден бөлек дедiм.

Мен ақылды билемен не қылсам да,

Ақыл менi билесе керек дедiм.

Ақылды жан табылмас маған сырлас,

Көрiне тентек көп надан мойын бұрмас.

Әдiлетсiз, ақылсыз, арсыздарды

Көре тұра, көңiлде тыныштық тұрмас.

Адам дерттi болмай ма құса тартып,

Тұщы ұйқы ұйықтай алмай түнде жатып.

Ептеп бағып, есерге ем таба алмай,

Тәттi тамақ жей алман дәмiн татып.

Сарыны жеп, мен болсам байдың өзi,

Аузында тамам жанның болдым сөзi.

Пәленшеден бiр нәрсе алсақ-ау деп,

Тiгiлер жан бiткеннiң маған көзi.

Жұрт күндер жұрттан артық байлық үшiн,

Бұлдайды бiреу күшiн, бiреу түсiн.

Не қылса да, надандар алмақты ойлар,

Мал антұрған күйдiрiп елдiң iшiн.

Еңбексiз мал дәметпек — қайыршылық,

Ақылды елге, ар болар ондай қылық.

Оны ойларлық бұл күнде адам бар ма?

Пайда ойламай қылады кiм татулық?

Берсең қалар оларда несi ардың?

Бермесең, сен-дағы ит бiрге болдың,

Не өзiң ит, немесе бар елiң ит,

Дауасыз бiр пәлеге мiне қалдың.

Қызылды жесем, менi әйел сүйер,

Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер?

Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,

Деп едiм бiр пайдасы маған тиер.

Еркектiң еркек адам болса қасы,

Қатын, шеше, қызы жоқ кiмнiң басы?

Хан қаћар, қара кiсi қастық қылса,

Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?

Тегiнде адам басы сау бола ма?

Бойында тексерiлмес дау бола ма?

Ерi ашу айтса әйелi басу айтып

Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?

Соны ойлап, қызыл жемiс мен таңдадым,

Берсеңiз жемек болып бел байладым.

Топа-торсақ бұл сөздi айтқаным жоқ

Басында-ақ ойлап тегiн абайладым.

Бұл сөзге салып тұрды шал құлағын.

Ендеше тауып айттың, же, шырағым.

Ақыл, дәулет әуелден өзiңде екен,

Өмiрiңмен артылсын, жаным бағың!

Бұл шал бөтен шал емес, Қыдыр едi,

Ебiн тауып даруға кезi келдi.

Сөзiне, ақылына, қылығына

Разы болғаннан соң, бата бердi.

Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты,

Соңында Шәмсi-жићан атаныпты.

Мағнасы: "бұл дүниенiң күнi" деген,

Жетiлiп бiзге ғибрат көз қалыпты.

Сол заманда-ақ надандар шырыш бұзған,

Жалғанның дәмiн бұзып қауiп қылғызған.

Ақыл мен мал екеуiн асырай алмай,

Арашашы iздептi қатын, қыздан.

Ендiгiге не сұрау бұл жалғанда?

Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.

Өлген мола, туған жер жiбермейдi,

Әйтпесе тұрмас едiм осы маңда.

Сол Масғұт халифаға уәзiр бопты,

Тарқатыпты алдынан көп пен топты.

Бағанағы Қыдыр шал бiр уақытта

Түсiнде аян берiп жолығыпты.

Ей, балам, пәлен күнi жауын жауар,

Сол жауынның суында кесапат бар:

Жетi күн жынды болар суын iшкен,

Жетi күн өткеннен соң және оңалар.

Ол судан тамам суға су құйылар,

Сел болып, судың бәрi кесел болар.

Ертерек таза судан су жиып ал,

Бұл—хабарым, сақтансаң, жаным, жарар.

Бұл сөзбен халифаға Масғұт барды,

Хабарын естiген соң хан да аңғарды.

Айтқан кезi жақындап келген шақта,

Ертерек таза судан құйып алды.

Болған соң уәделi күн, жауын жауды,

Судан iшкен жынды боп, ақылы ауды.

Күнi-түнi шуласып, таласады,

Ұмытты тамақ жеу мен және ұйықтауды.

Бұлар шулап бiр күнi келдi ордаға,

Хан мен уәзiр қарайды тамашаға.

Бәрi де есi шығып, жынды болған,

Бос шулап жүр кiшi iнi, үлкен аға.

Ол халқының алдына жақын барды,

Сөз айтып әрбiр түрлi, ақыл салды:

Бiр кеселге байғұстар, жолығыпсың,

—Үйiңе бар,ұйықтаңдар!—деп шығарды.

Олар шықты есiктен ханға өкпелеп,

Көшеден шулап және жылаған көп:

"Хан мен уәзiр ақылдан айрылыпты,

Өлтiрейiк екеуiн, жынды екен",— деп.

Өлтiргелi ордаға қайта жүрдi,

Бұлардың сөзiн естiп хан да көрдi:

Бұрынғыдан мұнысы қиын болды:

Ойбай, уәзiр, ақыл тап, қайттiк?-дедi.

-Құтылар хал болмады мына дудан,

-Бiз де iшпесек болмайды жынды судан.

-Өлтiрер өңкей жынды бiздi келiп,

-Жынды деп есi дұрыс бiздi қуған.

Екеуi жынды судан iшiп салды,

Құтырып кеп алдына жетiп барды.

Өңкей жынды байқамай айтыппыз деп,

Құлдық, ұрып, бұларға кеп жалбарды.

Сонымен бет-бетiмен тарқап кеттi,

Әйтеуiр, тарқайтұғын уақыт жеттi.

Көрдiң бе, көп тентектiң қылған iсiн?

Ерiксiз естi екеуiн есер еттi.

Көптiң бәрi осындай, мисал етсең,

Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.

Ғапiл боп көп нәрседен бос қаласың,

Аңдамай көп сөзiмен жүрiп кетсең.