Ұялма деген көңіл үшін

Ұялма деген көңіл үшін,

Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.

Татымды достық, та жоқ, қастық та жоқ.

Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін.

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,

Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар.

Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап,

Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар.

Туысқаның, достарың—бәрі екі үшті,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті?!

Өзің үлкен, қылығың- бала-шаға,

Балаша мәз боп жүрсің тамашаға.

Әкесі ұрысса балаға ол да достық,

Баласы ұрысса әкеге жараса ма?