Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауызомыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңiрейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,

Қабырғалы, жоталы, болса күшті.

Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.

Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,

Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,

Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.

Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендігі шығыңқы, аламайлы.

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,

Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,

Бейне жел,тынышты,екпінді мініп жүрсек.

Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,

Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.

Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем

Иек қағып, еліріп жүрсе әсем.

Шапса жүйрік, мінсе берік,жуан,жуас,

Разы емен осындай ат мінбесем.

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,

Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей.

Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,

Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.