Әбдірахманға Кәкітай атынан хат (Көзімнің нұрысыз)

Көзімнің нұрысыз,

Сізсіз жоқ қуаныш.

Өмірдің гүлісіз,

Көңіліме жұбаныш.

Зар қылып тілеймін

Рақметін алланың.

Елжіреп жылаймын,

Көңілін аш пенденің.

Сыйқатын қалқама,

Берегөр, я, рахим

Тілегім — бұл ғана,

Қайғымды қыл шығын.

Ағатай, сағындым

Есен сау көрмекке.

Сөз таппай аңырдым,

Оқыңыз ермекке.

Осы күн өмірімнің

Ешбір жоқ қызығы,

Жаралы көңілімнің

Жазылмай сызығы.

Мақсатым хатымды

Аз уақыт болса ермек.

Сөзім жоқ татымды

Хошлықпен көріспек.