Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау

Айналайын құдай-ау,

Қапалық салдың жасымнан.

Шешенің зарын тарттырдың

Бес жасымда басымнан.

Сөйлемей бенде шыдамас

Қайғы отына ашынған.

Жарымды көрмей неше жыл

Қапалықты асырған.

Жарымды алып қор қылдың.

Жас өмірде тасынған.

Айырып, от қып өртедің,

Әбіш сынды асылдан.

Әбішті алып күл қылдың

Қызылды гүлді жасылдан.

Тым болмаса қызмет қып

Өткізбедім қасымнан.

Жиырма екі жасымда

Мен айрылдым жарымнан.

Жарық, сәуле көрмедім

Шыққалы ана қарнынан.

Күйік күшті түскен соң,

Кетеді екен сабырдан.

Қызықты күнім қалмады

Жылаған айтып зарымнан.

Көре алмай зар боп айрылдым

Құдай қосқан жарымнан.

Өзгеше болып жаралған,

Таныған жан қалпынан.

Тілеуді кесіп құдайым,

Зарлатып қойды артынан.

Құдай салды жүрекке

Жалғанда бітпес жараны.

Көре алмай қор боп қалған соң.

Кете ме іштен арманы?

Сәулемді құдай алған соң,

Сарнамасқа шара не?

Кез келтірді, құдайым,

Құтылмас маған дараны.

Қалқамды алып, құдайым,

Басыма салдың қараны,

Өзі түгіл көрмедім.

Ізі жоқ басқан табаны.

Күйдіріп, құдай алмады,

Бенденің құрыр амалы.

Қылығына жете алман,

Қаншалық тілмен айтқанмен,

Басыңа құдай беріпті

Өлшеусіз қылып ақылын.

Сабыр мен талап беріпті,

Ақылың, рахымың қиынды.

Өткен күнгі қызығым

Ұйықтап көрген түстен кем.

Қараңғы түнде қапалық

Жүректі басты, шықпас күн.

Қолдан келген қайратым —

Барымды айтып шыққан үн.

Көңілімнің күні өшкен соң,

Қайғылы қара болар түн.

Жыламай бенде шыдамас,

Қарағымды алған соң,

Сағынып көрген қызықты

Көре алмай зарлап қалған соң.

Ашпадың, алла, қабақты,

Қылмадың қабыл тілекті,

Өле алмай шыдап отырмын

Зор құдайым салған соң.

Шықтым ба деп ем, құдай-ау,

Қызықты күннің, шетіне.

Өшірмек алла болған соң

Бенденің қоймас еркіне,

Өлмектен басқа дауа жоқ,

Алланның салған дертіне.

Құтылмас құл жол таппас,

Иенің салған өртіне.

Жалтыр құздан құладым,

Қолымнан кетіп сүйеніш.

Көңілімнің күні өшкен соң,

Жалғанда болмас жұбаныш.

Өмірді қылдың, құдайым,

Қызығы жоқ, күйініш.

Үмітсіз өмір бітірді,

Жүрекке мұз боп ерімес.

Өзгеше болып жаралған,

Айрылдым қалқам жарымнан.

Сол қалқамды қоймаған

Замана неткен тар еді?

Жасымнан өтті демегің,

Күн шыққандай қараңғы.

Кешегі түннің жарығы,

Сабыр қылып шыдарға.

Қайғы оты асты күшімен,

Қызықты күшім қалмады.

Әбішті көрген түсімнен

Сағыныш зарын білдірмей,

Жүруші едім ішімнен.

Қылығың, қалқам, кетер ме

Жалғанда менің ойымнан?

Сағынсам да алыстан,

Жүруші ем күнше жылынып.

Қызықтың заңғар басынан

Қорлыққа кеттім жырылып.

Құдай қосқан қосақтан

Жалғанда қалдым жырылып.

Қайғыңда қалдым қамалып,

Қызығым кетті сырылып.

Көре алмай қалдым қалқамның

Дәл екі жыл қызығын.

Жүректегі жазылмай,

Тағдырдың салдың сызығын.

Өмірдің, алла, беріпсің,

Күнде өртерлік шыжығын.

Баяны жоқ,байлаусыз,

Тілекте жоқ бұзығын.

Сағынсам да үміт бар,

Болушы еді қуаныш.

Қалқамнан қалдым қарс ұрып,

Қайткенде болар жұбаныш?

Алла берген арманға

Аћ ұрсам болмас алданыш.

Сабыр тағат қылуға,

Қоймады күйік бойыма ес.

Әбіш сынды жарымнан,

Айрылған соң барымнан,

Жалғанда болмас жұбаныш!