Әншілер (И. А. Крыловтан)

Көршіні көрші шақырды,

Болды да сыйлап ас бермек.

Қулығын ішке жасырды:

Баланың әнін есіттірмек.

Балалар шулап, бақырды,

Ынтасы - даусын білдірмек.

Қонақтың күйін қашырды,

Басты ауыртты көп дүрмек.

Алды-алдына кетеді,

Қосылмайды әндері.

Құлағынан өтеді

Құр айғай салған сәндері.

Япырмай, көрші-ай, не қылды?

Бас ауырды, қаңғырды.

Құлағын басып жалынды,

Қойғыза көр деп құрғырды.

Тым-ақ даусы күшті екен,

Бекер де емес сенікі.

Сүйтсе де арақ ішпеген

Есті ұлдар ғой менікі.

Есі шықпай мұнан да ішкен артық,

Қисыны жоқ қышқырған не еткен тантық!