Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ

Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ,

Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.

Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ,

Мүшесінен буынып, басады алшақ.

Қарсы алдына жымырып келтірем деп,

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыкүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,

Қолында бір сабау бар о-дағы аппақ,

Керегеге сабауды шаншып қойып,

Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

Қу шалбар қулығына болған айғақ,

Тізесін созғылайды қалталанса-ақ.

Ұстаудағы кісідей мезгілі бар,

Күні бойы шешініп, бір т...-ақ.

Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,

Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ,

Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,

Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,

Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.