Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта.

Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің,

Тақтысына билесін ол құлаққа.

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Бұл дүниенің, ләззаты бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар.

Адам аз мұны біліп ән саларлық,

Тыңдаушы да аз, ол әннен бәћра аларлық.

Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге

Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?

Көбінесе ән басы келеді ащы,

“Кел тыңда!” деп өзгеге болар басшы.

Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір,

Сол жеріне ойыңмен араласшы.

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңідің өсері бар.

Білімдіден аяман сөздің майын,

Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.

Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі

Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.

Көкірегінде оты бар ойлы адамға

Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.

Өмірдің алды — ыстық, арты — суық,

Алды ойын, арт жағы мұңға жуық.

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.

Жаманға “жар” деген-ақ ән көрінер,

Жақсы ән біле айтуға кім ерінер?

Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,

Жабырқаған көңілің көтерілер.